№44 мектеп-гимназиясында көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген 1 наурыз - Алғыс айту күніне орай «Бір ауыз алғыс - мың жүрекке қуаныш» атты жылы лебізге толы жантанушылар апталығы бастау алды.
«Қамқорлық пен Үміт: тұлғаны дамытудағы бірлескен жұмыс» тақырыбында ұйымдастырылған апталықтың мақсаты - білім алушылардың психологиялық мәдениетін арттыру, психикалық саулықты нығайту және тұлғалық дамуына жан-жақты қолдау көрсету.
Апталықтың ашылу салтанатында мұғалімдердің ойлау жүйесін, эмоциялық күйін және өзіне деген оң көзқарасын қалыптастыру мақсатында аффирмациялар таратылды. Ал оқушылар үшін ми қызметін белсендендіретін нейрожаттығулар, когнитивті (танымдық) қабілеттерді дамытатын қызықты ойындар ұйымдастырылды.
Шара барысында оқушылар мен ұстаздар бір-біріне алғыс айтып, ризашылық пен сыйластықтарын білдіріп, жылы атмосфера қалыптастырды. Бір ауыз алғыс арқылы мың жүрекке қуаныш сыйлаған бұл бастама алдағы күндерге де ерекше серпін берері сөзсіз.

